Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында жарияланып отырған бұл басылымда елдегі осы кезең аралығында болған өзгерістер талқыланады. Қазақстанда тұңғыш Президент Н.Назарбаев билігінің біртіндеп Президент Тоқаевқа өтуі және халықтың басым көпшілігінде өмір сүру деңгейінің төмендеуі себебінен әлеуметтік наразылықтардың артуына байланысты, сонымен қоса, қазба байлықтарды пайдаланудан ғаламдық бас тарту болашаққа деген сенімді азайтқан тұста, елдегі билік пен адам құқының қазіргі ахуалы туралы қорытынды жасау маңызды.
Соңғы 30 жыл ішінде Қазақстандағы билік өкілдері қол жеткізген қарқынды экономикалық даму негізінен биліктің пайдасына және елдегі түрлі этникалық топтар арасындағы тұрақтылықты сақтауға қызмет етті. Шын мәнінде, бұның барлығы саяси тәуелсіздік пен көптеген азаматтардың бас бостандығы есебінен жүргізілді. Үкімет пен оның жақтастары бұрынғысынша Қазақстанның демократияға бет бұруы мен елдегі саяси мәдениетті «дамытуға» біртіндеп қадам жасау арқылы қол жеткізуге болады деп есептесе, оларды сынаушылар соңғы 30 жылда саяси жүйеде ешбір өзгерістің болмағанын айтады. Елдегі реформалар халықтың өмір сүру деңгейі мен мемлекеттік қызмет көрсетуді жақсартқанымен, саяси күш элитадан азаматтық қоғамға ауысқан жоқ. Мәселен, Қазақстандағы жалғыз саяси таңдау – Тоқаевтың президенттік таққа отыруын билік басындағылар жасады.
Президент Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға және еркіндік пен Үкіметтің жауапкершілігін арттыратын реформалар жүргізуге уәде берді, алайда қазірше бұл саладағы өзгерістер шектеулі сипатқа ие. Оның ұстанымы негізінен қазіргі авторитарлық билік құрылымдарын сақтай отырып, мемлекеттің ықпалдылығы мен нәтижелерін жақсартатын «демократиясыз модернизация» немесе «жүйе ішіндегі реформалар» жолын жалғастыру сипатына ие. Қоғам белсенділерінің жұмысын жалғастыруға кедергі келтіретін «бостандық шектеулерін» кеңінен қолдану арқылы сынға тосқауыл қою және келіспеушілікті ауыздықтау мақсаты байқалды.
Жергілікті белсенділер мен халықаралық қауымдастықта адам құқықтарының бұзылуына жол бермеуге және реформа жасауға көмектесу мақсатында, әсіресе күштердің тепе-теңдігін толығымен сақтауға әсер етпейтін басқару салаларына қысым жасау мүмкіндігі бар. Жүйелі өзгерістерге қол жеткізу – бұл сыбайлас жемқорлықты әшкерелеу үшін халықаралық деңгейде іс-қимылдарды ары қарай жалғастыруды талап ететін күрделі міндет.